БАСТЫ БЕТ

Қадірменді мұсылман бауырлар!

      Күллі адамзат баласына нұр боп келіп, адамгершілік пен имандылықты, инабаттылық пен адалдықты ту етіп келе жатқан Ислам діні- бабамыздың сарқылмас қазынасы іспетті. Адам бойындағы көркем мінез, тән мен жан салауаттылығын уағыздайтын бұл асыл дін- біздің дәуірімізге дейін жетіп, қазақы қанымызға сіңіп, рухани таза бастауларымыздың мөлдір қалпын сақтауға өз үлесін қосып келеді.

     Аллаға шүкір, бүгінгі таңда біздің Мәртөк жерінде де мұсылманшылық шарттарын ұстанып, дінге бой ұсынып жүрген баурыларымыз, аға- әпкелеріміз, қарындас- құрбыларымыздың қатары өсіп келеді. Дінге бет бұрған қарындас- әпкелеріміз, апаларымыз Ислам дінінің шарттарына сай киім киіп, бес уақыт намазын оқып, оразасын ұстап, ғибадаттарын толық өтеп жүр. Сол сияқты діндар баурыларымызға да шектеу қойылған жоқ. Рухани азық іздеген, діннен жанына тыныштық пен үйлесімділік тапқан жандар әрдайым да шынайы Ислам жолы мен адасудың ара- жігін ажыратуға талпынуы заңды. Сондықтан да осы сайт арқылы дін мен дәстүрді, тарих пен аңызды, жақсылық пен ізгілікті паш ететін білім беруді мақсат тұттық. Пайғамбарымыз с.ғ.с өз Хадисінде «Тіпті Қытайдан болса да білім алуға талпын» демей ме сондықтан да біздердің сіздер үшін еткен еңбегіміз теңізге тамшыдай болса да өз көмегін тигізеді деп үмтіттенеміз. Қазіргі таңда өкінішке орай, көптеген қандастарымыз өзге теріс ағымдардың жетегіне еріп, дін мен саясатты айыра алмайтындай халге жетті. Шынайы Ислам дінінің негіздері, құлшылық ғибаттарының үкімдері, мұсылмандардың бір- бірімен жалпы адамдармен қарым- қатынастары туралы аз білетіндігі көп жағдайда мәселе тудырмай қоймайды.

  Білім- тұңғиық теңіз десек, білім алған әр сәтте біздер сол тұңғиықтағы жауһарларды көкейімізге жинай береміз. Қазақ халқының ауыз әдебиетінде де көптеген мақал- мәтелдер, термелерінде білімнің орны ерекше екенін айтып кеткен. «Білімдінің беті- жарық, білімсіздің беті- сөнген шарық» деген сөздер өз ұрпағын көрегенді де білімпаз болуға уағыздаған. Білімді адам, жақсы мен жаманды айырады. Алланың бірлігі, Құраны- Кәрімнің растығы, Мұхаммед с.ғ.с- пайғамбарлығына куәлік еткен мұсылмандардың қоғамда көркем мінезі, әділдігі, діндарлығы, имандылығы мен инабаттылығы көпке үлгі бола алады.

 Тәуелсіз елімізде Алла нәсіп еткен азаттық пен бейбіт өмірдің арқасында дініміз де көркейе түсуде, оған дәлел ретінде жыл сайын қалың мұсылман қаумына есігін айқара ашып жатқан жүздеген мешіттерді айтуға болады. Мемлекетіміздің де мызғымас беріктілігі- елдегі тату тәтті өмір, өзге діндерге деген сыйластық, ұлтаралық қарым- қатынастың достық деңгейінде өріліп жатқаны, біздің барлығымыздың ерен еңбегіміз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осынау қиын да жауапкершлікті жұмысты атқарып отырған Елбасымыз Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлының көрегенді саясаты екенін де атап өткен ләзім.

  Алмағайып мынау заманда қарға тамырлы қазақ балапан басына тұрымтай тұсына кетпей, бір шаңырақтың астында бабаларымыз аманат еткен кең байтақ даланың мамыражай өміріне мұрагер болып отырмыз. Ислам дінінің де мұраты- елмен елді шабыстырмай, ел мен елді жарастыру, адам баласының бір- біріне деген имангершілігін арттырып, қамшының сабындай қысқа ғұмырды мәнді- мағыналы қылып өткізуге үндейді. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с- ның көптеген Хадистерінде адам мен адамның достығы, бауырмалдылығы, отбасы тынышытығы, әйелге деген құрмет, жетім- жесірлерге деген қамқорлық туралы ерекше аталып отырады. Отанды сүю, отанды қорғау туралы хазреті Мұхаммед с.ғ.с өз Хадисінде «Отанды сүю- иманнан» деп, отанның адам баласы үшін қаншалықты қастерлі де ыстық, әрі жауапкрешлігі зор екендігін аңғартады. Ислам тарихынан белгілі болғандай Меккедегі дінді қабылдамаған жерлестері  пайғамбарымыз Мұхмаммедтті с.ғ.с қуғынға ұшыратқанда көзіне жас алып тұрып «қайран туған жерім» елжірей қоштасқан екен.

  «Туған жерге туыңды тік» -деген мақалымыздың да осы Хадиспен үндесіп жатқанын аңғару қиын емес. Қазақ халқын Ислам дінінен бөлектеп алып қарау өте қиын. Себебі, тарихи тұрғыдан біте қайнасқан Ислам жауһарларымен қазақ халқының рухани асыл қазыналары бір- біріне етене жақын және уағыздайтын иедеясы мен атқарар қызметі егіз ұғым секілді. Ел бастаған хан- патшаларымыз, қол бастаған батырларымыздың да аузында  Алласы болды. Аузында Алласы болмаса, имангершлігі төмен ел болса осынау байтақ қазақ даласы бізге қалай нәсіп болар еді?

    Ендігі болашаққа аманат ететін біздің басты мақсатымыз- ел бірлігін, имангершілігін сақтау, ұрпақтың сәулелі ғұмыр кешуіне, діні мен  дәстүрін құрметтеп, тарих бетінен өшпеуіне ат салысу, қадірменді ағайын! Осы ұлы мұраттың, бүкіл халықтық мақсаттың жолында барлығымыз да бір кісідей тізе қосып, еңбек еткеніміз абзал. Олай болса, осы сайтқа жанашырлық білдіріп, өздеріңіздің ой- пікірелріңізбен бөлісіп, ұсыныстарыңызды айтуыңызға болады. Өз кезегімізде біздер, Ислам дінінің тарихы, адамзат баласына әкелген барша жақсылықтары, пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с ның  Хадистері, дін төңірегіндегі мәселелер бойынша өз пайымын айтқан діндар ұстаздардың уағыз- насихаты, халқымыздың салт- дәстүрімен байланысқан діни жоралғылар және де басқа да қызғылықты ақпараттарды ұсынатын боламыз.