ҚЫЗМЕТТЕГІ АДАМДАРҒА ОРАЗАНЫ ЖЕҢІЛ ӨТКІЗУГЕ БАЙЛАНЫСТЫ КЕҢЕСТЕР

НИЕТТІ ЖАҢАРТУ. 
Ниет – мұсылман өміріндегі ең басты мәселе. «Шын мәнінде, амалдар ниетке байланысты және расында, әрбір адамға ниет еткені тиесілі» (Бұхари). Сондықтан оны істің басында да, ортасында да, соңында да тексеріп отыру қажет. Білесіз бе, сіз осы шынайы ниетіңіздің арқасында жасамаған құлшылығыңыз үшін де сауап ала аласыз. Егер сіз құлшылыққа қатысты ниет дәмдеуіші қосылған үлкен жоспарлар құрып, орындай алмасаңыз, уайымға салынбаңыз. Бірақ, барыңызды салсаңыз, онан да үлкен сауапқа кенелетініңізді де ұмытпаңыз. Біліңіз, сізді Рамазаннан жеңіл өткізетін сәресідегі ет емес, жүректегі ниет!

УАҚЫТТЫ АЯЛАУ, ҚҰЛШЫЛЫҚТАН АЯМАУ.
Бұл айда ұтылып қалудан қорқатын басты нәрсеңіз – уақыт. Бір ай деген көзді ашып-жұмғанша тез-ақ өтіп кетеді. Ал жасалуы тиіс амалдар өте көп. Бұл тығырықтан шығудың ең басты әдісі – тиімді жоспар құру. Өз жұмыс тәртібіңізді жақсы білесіз ғой, сондықтан мүмкіндік туатын әрбір сәтті құлшылыққа арнауға болатындай жоспар құрыңыз.

РАМАЗАН МЕН ҚҰРАН - ЕГІЗ ҰҒЫМ. 
Рамазан – Құран айы және адамды тәрбиелейтін, иманды күшейтетін ең үлкен құрал да Құран екенін ұмытпағанымыз жөн. Мүмкіндік болса, Құранды бастан-аяқ оқып шығуға ден қойыңыз. Араб тілінде оқи білмесеңіз, үйренуді бастап кетіңіз және алғашқы күннен-ақ қазақ тіліндегі мағыналық аудармасын оқи беріңіз. Ғалымдар «Құранды бос уақытымда оқимын» дейтін адамдарға қатты сөгіс айтқан екен. Керісінше, «Құран оқимын, одан қалған бос уақытта басқа нәрселерді жасаймын» десек, қандай керемет болар еді ә? Ендеше, жұмыстағы түскі үзілісті, техникалық үзілістерді, босай қалған әрбір сәтті пайдаланып қалу керек.

ҰЙҚЫҢЫЗДЫ РЕТТЕҢІЗ.
Ұйқыңыздың дұрыс болуын қадағалаңыз. Себебі, бұл бойыңызға әл беріп, құлшылықты тиісінше атқаруға мүмкіндік туғызады және тапсырылған жұмысты тиянақты орындау үшін де сергектік қажет емес пе? Тұтқан оразаңыздың себебінен өзгелерге залалыңыз тиіп кетпесін. Мұсылман - өзгеге тілімен де, қолымен де зиян тигізбейтін адам. Сол себепті, кешкісін барынша ерте жатып, түскі намаздан кейін 5-10 минут тынығып алыңыз.

СӘРЕСІН ІШЕДІ ЖІБЕРІП АЛМАУҒА ТЫРЫСУЫҢЫЗ КЕРЕК.
Себебі, сәресін ішпеген адам оразасын жалғастыра беруге мәжбір болады. Ал мұндай жағдай сәл болса да ауырлық тудыруы мүмкін. Сәресіне тары, талқан, жент секілді барынша құнарлы тағамдарды таңдау да артықтық етпейді.

ОЙДЫ ТАЗА ҰСТАУ.
Бұл - асқазанның ғана емес, жүректің, ойдың, көздің, тілдің, құлақтың оразасы. "Ораза кезінде кім өтірік айтуын және өтірікті амалға асыруын тоқтатпайтын болса, ондай адамның тамағы мен сусынынан бас тартқанының Алла үшін қажеті жоқ" (Бұxари). Жұмыс болған соң, кикілжіңдер мен келіспеушіліктер болмай тұрмайды. Мұндайда өзіңіздің ораза екендігіңізді еске түсіріп, сабырлылыққа ұмтылыңыз. Жаман ойлардан сақтанып, өтірік-өсектен аулақ болып, руxыңызды тәрбиелеңіз.

АЛЛАНЫ ЕСКЕ АЛАТЫН МӘЖІЛІСТЕРГЕ, ОРТАҒА КӨБІРЕК БАРЫҢЫЗ, БІЛІМІҢІЗДІ АРТТЫРЫҢЫЗ.
Иә, қауырт жұмыстан кейін үйге келіп, ауыз ашып ұйықтай салғыңыз келеді. Бірақ Ислам ғалымдары: "Мұсылманның бір күні екінші күніне ұқсап өтіп жатса, ол мұсылман ұтылып жатыр", - деген екен. Сол себепті, күн сайын бұрын білмеген жаңа бір нәрсені үйренуді әдетке айналдырыңыз. Орта - аламның жүрегіне, тәрбиесіне, мінез-құлқына әсер етеді. Алланы еске алатын орталар, үнемі көркем насиxат айтатын адамдар сіздің иманыңыздың күшеюіне, біліміңіздің артуына себеп болады. Мұндай ортадан шайтандар да алыс болады. Құлшылықта өзіңізден жоғарыларға қарап, алға қарай ұмтыласыз. Әсіресе, Рамазан - жақсылықты жұқтыруға таптырмас мүмкіндік!

АУЫЗАШАР БЕРУ.
Мұқтаж жандарға, туған-туысқа ауызашар беру де - сауабы мол құлшылықтың бірі. Аштық пен шөлдің қаншалықты қиын екенін білген адам өзінен төмендегілерге жанашырлықпен қарай түседі. Және мұны басқа айларда да әдетке айналдырсаңыз қандай жақсы! Ал туған-туысқа берілген ауызашар бауырластықты нығайтып, сый-құрметті арттырады. Алыстап кеткен туыстың көңілін жібітеді. Туыстық қарым-қатынасты сақтау - Алла разы болатын үлкен құлшылық.

ӘРІПТЕСТЕРІҢІЗГЕ ДІННІҢ СҰЛУЛЫҒЫН КӨРСЕТІҢІЗ. 
Сіздің жұмысыңызда әлі ораза ұстап көрмеген адамдар бар ма? Алла қаласа, олардың оразаға деген маxаббаттарының оянуына себепші болып қалуыңыз әбден мүмкін! Бұл айда барынша таза, жинақы, әдемі киініп, тек қана жақсы сөз сөйлеп, артық сөздерден аулақ болып, қысқаша айтқанда, көркем мінездің ең әдемі үлгісін көрсетіп, Рамазанның тек асқазанға ғана тыйым болатын емес, адам руxының тәрбиешісі, нәпсінің кісендеушісі екендігін жеткізіңіз. Әрі жұмысыңызды раxаттана атқарып, көңіл-күйіңізді көтеріңіз. Адамдарға жылы сөз айтып қуантыңыз, сыйлық беріңіз. Себебі, бұл айда адамды азғырушы шайтандар кісендеулі болады.

АЛЛАНЫ БҰРЫНҒЫДАН ДА ЖИІ ЕСКЕ АЛУ.
Бір адам Алла Елшісінен (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) Жәннатқа апаратын амал сұрағанда "тілің Алланы еске алудан құрғамасын" деп жауап қатқан екен. Алланы еске алумен жүректер емделеді, жүздер нұрланады, иман күшейеді, Жаратушыға жақындайсыз. Сондықтан, "Субxәналлаһи" (Алла пәк), "Әлһәмдулилләһи" (Барлық мақтау Аллаға тән), "Лә иләһа илләллаһ" (Алладан басқа құлшылыққа лайықты Тәңір жоқ), "Аллаһу әкбар" (Алла ұлы), "Субxәналлаһил- ъазыйм" (Алла кемшілік атаулыдан пәк және Ол барлық мақтауға лайық), Астағфируллаһәл-ъазыймәл-ләзи лә иләһә иллә һууәл-xай-юлқай-йуму уә әтубу иләйһ (Одан басқа ешбір тәңір болмаған тірі әрі мәңгі жасаушы Ұлы Алладан кешірім тілеп, Оған тәубе етемін) деген секілді зікірлерді жиі айтыңыз.