Нұрлан Ермекбаевты Қазақстан Республикасының дін істері және азаматтық қоғам министрі қызметінен босатып

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ұжымына жаңа министр – Дархан Қалетаевты таныстырды. «Бүгін Мемлекет басшысы Нұрлан Ермекбаевты Қазақстан Республикасының дін істері және азаматтық қоғам министрі қызметінен босатып, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы қызметіне тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды», - деп мәлімдеді ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев.

Бақытжан Сағынтаев Нұрлан Ермекбаевқа атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді. «Ведомствоның құрылғанынан бері бір жарым жыл ішінде оның басшылығымен министрлік жұмысы жүргізілді, барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілер қабылданды, кәсіби ұжым қалыптасты», - деді Бақытжан Сағынтаев және Нұрлан Ермекбаевқа алдағы кәсіби қызметінде табыс тіледі.

Мемлекет басшысының Жарлықтарымен Дархан Қалетаев ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрі болып тағайындалды, сондай-ақ ҚР Парламенті Сенатының депутаты ретіндегі өкілеттігі тоқтатылды.

Бақытжан Сағынтаев түрлі жылдарда еліміздің әлеуметтік-мәдени және қоғамдық өміріне белсенді қатысқан Дархан Қалетаевтың кәсіби қасиеттерін атап өтті. Министрліктің жаңа басшылығы мен ұжымына Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша міндеттер жүктелді.