ОРАЗАНЫ БҰЗБАЙТЫН ЖАҒДАЙЛАР

1. Егер адам аңдаусызда ұмытып ішіп-жеп қойса, онда оразасы бұзылмайды. Бірақ ораза екені есіне түскен кезде ішіп-жеуді дереу тоқтатуы керек. Бұл туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
«Аузы берік адам ұмытып ішіп-жесе, оразасын бұзбай әрі қарай жалғастырсын. Себебі, Алла Өзі оны тамақтандырды», - деген. (Бұхари, Муслим)
2. Аузына келген түкірік пен қақырықты жұту оразаны бұзбайды.
Әдейі емес, өзінен-өзі қалыпты жағдайда келген түкірікті жұтуға рұқсат етілетіндігі жайында ғалымдар арасында келіспеушіліктер жоқ. ‘Ата: “Түкірікті жұту оразаны бұзбайды”, - деген. (Әл-Бұхари. “Сахих”, 1/451)
3. Ерлі-зайыптылардың мәселесі
Ораза кезінде ерлі-зайыптылардың бір-бірін сүюіне, құшақтауына рұқсат етіледі. Айша (р.а) былай дейтін: «Ораза кезінде Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өз әйелдерін құшақтап, сүйген кездер сирек емес еді, алайда ол сендердің кез-келгенідеріңнен өзін-өзі мықты ұстай алатын».
(Әл-Бұхари, 1927. Муслим, 1/65)
Демек, аузы берік адам мұның соңы жыныстық қатынаспен аяқталады деп қорықпаса, өз әйелін құшақтап, аймалауына рұқсат етіледі. Ал адам әлсіз болса, яғни, өзін-өзі ұстай алмай қалатынын білсе, онда ең дұрысы, мұндайдан тыйылғаны жөн.
4. Бой дәреттің (ғұсыл) жоқтығы оразаны бұзбайды.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдері Айша мен Умм Сәләмадан жеткен хабарларда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелімен өткізген түннен соң, таңды жүніп күйінде қарсы алғандығы, содан кейін шомылып, оразасын тұтқандығы туралы баяндалады.
(Әл-Бұхари, 1925. Муслим, 2/80)
5. Тіс тазартқыш (мисуак) қолдану оразаны бұзбайды. Ал тіс пастасы ішке кетіп қалса, ораза бұзылады. Сондықтан ең дұрысы, таң намазы кірмей тұрып тістерді жуу.
6. Еріксіз ауыз толы құсу немесе оның ішке қайта кетуі оразаны бұзбайды.
7. Ауыз шаю және шомылу, көлге түсу, ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды. Алайда, тамаққа кетіп қалмауын қадағалау қажет.
8. Тіс жұлдыру, емдету оразаға кедергі жасамайды. Бірақ ауыздағы қанды, я дәріні жұтпау шарт.
9. Көзге, құлаққа дәрі тамызу да оразаны бұзбайды.
(жазба ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі ұсынған ақпараттың негізінде дайындалды)